ИНДУСТРИЯЛЫҚ-Инновациялық даму жолы Қазақстанға не береді?
Таяуда «Нұр Отан» ХДП XІІ съезі өтіп, онда республикамыздың Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, елдің атқарушы билігіне жаңа міндеттер жүктегені белгілі. Мемлекет басшысы енді Қазақстан дамудың бесжылдық бағдарламасы бойынша жұмыс істейтінін және бұл ауқымды жұмыстың нақты қаржымен қамтамасыз етілетіндігін мәлімдеді. Экономиканың жеті саласын қамтитын ауқымды еңбек майданында «бейбіт шабуыл» басталады. Мұны шартты түрде экономиканы әртараптандыруға бағытталған инновациялық-технологиялық даму бағдарламасы деуге болады. Өйткені Елбасымыз экономиканың натуралды өсімі жайлы емес, қосымша құны мол тауарлы өндірісті дамытуға бағытталған міндеттер жүктеді. Бұл – таяу болашақта кеніштер емес, зауыттар мен фабрикалар өмірге келеді деген сөз. Сондай-ақ кеше Үкімет басшысы елордада кәсіпкерлермен кездесіп, Президент тапсырысы бойынша атқарылып жатқан жаңа инновациялық-өндірістік жобалар жайлы сөз етті. Елбасының партия съезінде сөйлеген сөзінде қосымша құны мол тауарлы өндірісті қай салада, қанша мөлшерде дамыту көзделіп отырғаны нақты айтылған. Ал біз бұл мақалада сол Мемлекет басшысы белгілеген межеден Қазақстан халқы «қандай жеміс тереді» деген сұраққа жауап бермекпіз. 1. Ең кемі 2 миллиард доллар «қалтада қалып», бұған қоса...Мемлекет басшысының жаңа бағдарламасындағы аграрлық салаға қатысты атқаратын жұмыстар кешенінен Қазақстан осы уақытқа дейін азық-түлік импортына жұмсап, шетел асырып жүрген валютадан ең кемі 2 миллиард долларды қазынасында қалдыратын болады. Мұндай санды біз қайдан алдық? Енді соған тоқталайық. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін Қазақстан халыққа қажетті азық-түліктің жыл сайын шамамен тең жартысына жуығын импорттап келген болатын. Субтропикалық жеміс-жидектер мен тропиканың банандары түгілі, өзімізде молынан өсіруге болатын қызанақ, қырыққабат, қияр, жуа секілділерді де, ет пен сүт өнімдерін де «ұялмай-қызармай» шетелдерден тасымалдадық. Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен бірнеше дүркін «Ауыл жылдары» жарияланып, олар нақты қаржымен қамтамасыз етілсе де, азық-түлік импорттаушы ел болып қалдық. Мұның қаншалықты зардапты екені бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында байқалды. Құнарлы жердің пайдасын көруден «бас тартқан» ел халқының күнделікті қажеттілігі үшін шамамен 2 миллиард доллар көлемінде валюталық шығын жасап, «тамағымыздың өзін сырттан тасыдық». Мемлекет басшысы енді экономикадағы мұндай келеңсіздікті түбірінен жою керектігін ерекше тапсырды. Бұл тапсырма нақты қаражатпен қамтамасыз етілетіні соншалық, елдің экспорттық әлеуетінде аграрлық саланың үлесі 8 пайыздық деңгейге жетуі керектігі белгіленген. Жыл сайын 60 миллиард доллардың экспорттық өнімін шығарып келсек, енді осының 8 пайызын тек қана аграрлық сала еншіленетін болса, онда ауылдықтарымыз шамамен 2,4 миллиард доллар көлеміндегі валюталық кіріс енгізушіге айналады. Мінеки, бұл – қосымша пайда. Осыған байланысты республика халқының 46 пайызын құрайтын ауылдықтарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сапалық жоғары деңгейге көтеріледі.2. Тұрғын үй шаршы метрі арзандайдыОсы уақытқа дейін елімізде тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарлама бойынша да, жеке кәсіпкерлердің «өз ынтасы» бойынша да көптеп салынғанымен, баспана шаршы метрінің бағасы түсудің орнына өсу үстінде болды. Тіпті ол шаршы метріне 3 мың долларлық деңгейге жетіп, АҚШ мемлекетіндегі бағадан да озып кетті. Бұл арада делдалдардың «қолтаңбалары» болғаны даусыз. Дей тұрсақ та, қазіргі ипотекалық жүйені мемлекеттік қолдау бағдарламаларына сәйкес шаршы метрдің бағасы шамамен 1000 доллар деңгейін құрап тұрғанын ескерсек, «барлық күнә делдалдардың мойнында» болмағанын мойындауға тиіспіз. Кінәнің ауқымды бөлігі – отандық құрылыс материалдары өндірісінің жоқтығында еді. Елбасымыз жариялаған республика дамуының жаңа бағдарламасында отандық құрылыс материалдары тауарларының өндірісі сұраныстың ең кемі 80 пайызын қамтамасыз ететіндей деңгейге жетпек. Цемент, темір қаңқалары (арматура), әйнек, қыш балшықтарынан жасалатын бұйымдар өзімізде өндірілетін болады. Бұлардың импорт жағдайындағы бағасында шамамен 2-2,5 есе мөлшерінде қосымша құн болғаны белгілі. Енді бұл жойылады. Демек, таяу болашақтың өзінде елімізде салынатын тұрғын үй құрылысының шаршы метрі осы қазіргі 1000 доллар деңгейінен ең кемі 20 пайыз төмендеуі әбден мүмкін. Олай болса, шаршы метрі 800 долларлық баспана қазақстандықтардың басым бөлігіне қолжетімді деңгейде болады. Өйткені 2007 жылдың тамызына дейінгі қазақстандықтардың орташа жалақысы 57 мың теңге көлемінде болса, Президентіміздің Жолдауына орай, бұл мөлшер екі есе көбейеді. Демек, қазақстандықтардың жалақысы 2011 жылы 114 мың теңгеге жеткен жағдайда шаршы метрі 800 долларлық баспана қолжетімді әрі өтімді дүниеге айналады. Мұндай жағдайда тұрғын үй құрылыс саласы қарқынды дамып, қайтадан экономиканың локомотивіне айналады.3. 500 миллион доллар қазынада қалады және...Алдағы бес жылда қазақстандықтардың дәрі-дәрмекке сұранысының 50 пайызын отандық өндіріс өнімдерімен қамтамасыз ету жаңа бағдарламада белгіленген екен. Қазіргі деңгеймен алғанда бұл шамамен осы уақытқа дейін импортқа жұмсап жүрген валюталық қаржының тең жартысы қазынада қалады деген сөз. Ескерте кетейік, еліміз бұл күндері шамамен 1 миллиард доллардың дәрі-дәрмек өнімдерін пайдаланады. Мұның тең жартысы 500 миллион доллар. Отанымыздың астанасында Президентіміздің тікелей нұсқауымен салына бастайтын жаңа фармацевтикалық зауыт осы заманғы озық технологиялы өндіріс болары сөзсіз. Демек, оның өнімдері экспорттық бағытта да өрбитіні ақиқат. Мұндай жағдайда елімізге валюталық кіріс молая түседі. Бір жағынан, қазақстандықтардың дәрі-дәрмектік қауіпсіздігі белгілі бір деңгейде жақсарады. Екінші жағынан, отандық валюталық қазына шығыны азайып, кірісі молаяды. 4. Мұнайдың берері көбейедіОтандық химиктер осы уақытқа дейін мұнайымыздың шикі күйінде сатылып жатқанына қынжылыс білдіретін еді. Өйткені ғалымдардың есептеуінше, мұнайды тереңдете өңдеу арқылы алынған соңғы өнімдер түсіретін кіріс шикі мұнай сатқандағыдан ең кемі 10 есе мол болады екен. Әрине, қазіргі кезде жыл сайын 60 миллион тоннадан астам мұнай өндіріп келе жатқан Қазақстанның барлық қара алтынын өңделген күйінде импорттауға қол жеткізу мүмкін емес. Ең болмаса, осының 10 пайызын тереңдете өңдеуге қол жетсе, мұның өзінен түсетін валюталық кіріс қалған 50 миллион тонна мұнайды шикідей экспорттағандағы кіріспен бірдей дәрежеде пайда әкелер еді. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты жаңа кезеңінің іске қосылуы, Батыс мұнай-газ химиясы зауытының өндіріске енуі, ақыр аяғында Қазақстанның жанармай импортын толығымен доғару жағдайында жұмыс істеуге көшуі елдің тек қана осы саладан экспорт арқылы болатын валюталық кірісін ең кемі 2 есе өсірері сөзсіз. Бұл – шамамен 5 млрд долларлық валюта. Ескерте кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстан авиациялық отынды түгелдей импорттап келді. Мұның сыртында еліміздің шығыс және солтүстік бөлігінің біраз тұтынушылары жанар-жағармайдың денін Ресей өндірісшілерінен алатын. Енді осының бәрі отандық өндіріс өнімдері болған жағдайда Қазақстан шығысы жойылған, кірісі молайған ел болып шығады. Қысқасы, еліміз енді жаңа жоспар бойынша өзінің табиғи байлығының халқына берерін молайта түспекші. Түптеп келгенде, мұның өзі қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына оң әсер етері сөзсіз. 5. Энергиялық тапшылық жойыладыЕлбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП XІІ съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына ерекше көңіл бөлінген. Мұнда Балқаш жылу электр орталығы, Мойнақ су электр стансасы және басқа кешенді құрылыстар аты аталып, түсі түстеліп көрсетілген. Экологиялық таза энергия көздерін пайдалануға қаржы бөлу мәселесі де осы бағдарламада кеңінен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, ел дамуының бес жыл мерзімге арналған жаңа бағдарламасында Қазақстанды энергетикалық тапшылықтан құтқарудың нақты жолдары қарастырылыпты. Президентіміздің өз сөзімен айтар болсақ, бұл ауқымды жұмыстар кешені нақты қаржымен қамтамасыз етілген. Демек, алдағы бес жыл ішінде Қазақстан энергетикалық жағынан толық тәуелсіз елге айналады. Бұл – өз кезегінде осы уақытқа дейін импорттап келген электр энергиясы үшін шетел асатын валюталық шығысты жояды. Бұл – ақыр аяғында, отандық өнімнің өзіндік құнын тұрақты ұстауға жол ашады. Экономиканың бұдан былайғы кезеңде дамуы үшін ең қолайлы жағдай туғызудың негізі осылайша нығайтылады.ТүйінДамуымыздың алдағы бес жылдыққа арналған жаңа бағдарламасына талдау жасағанда болашағымыздың көкжиегінен осындай дәмді жемістерді көргендей болдық. Егер жоғарыда айтылғандарды тұтастырып қорытындылар болсақ, онда былай деуге толық негіз бар: Қазақстан инновациялық даму жолына толығымен бет бұрып, инфляцияның шегінуін, қазақстандықтар тұрмысының жақсаруын қамтамасыз етуші жаңа бағдарламаны жүзеге асыру жолында жұмыс істеуге көшетін болады. Ең кемі қазір импорт үшін елден кетіп жатқан 5-8 млрд доллар қазынада қалып, осынша мөлшердегі валюта экспорттық түсім есебінде қазынамызды толықтырады. Сонда жаңа бағдарламаның экономикалық тиімділігі шамамен 10-15 млрд доллар болады деген сөз.Бекжан ҚИҚЫМОВ
작성일 : 2009.
Comments